ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА 429 ГЕКТАР АЛМА БАҒЫНАН ӨНІМ ЖИНАЛУДА

Сайрам ауданында жеміс-жидек шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде аудандағы жеміс-жидек бақтарының жалпы көлемі 1193 гектарды құраса, оның 429 гектары – алма бақтары.

Қазіргі таңда ауданда алма жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар піскен өнімді дер кезінде жинап, ішкі нарыққа жөнелту және сақтауға қою жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтқанда, «Dala fruit.kz» ЖШС-нің 235 гектар және «Алмалы» АШӨК-нің 118 гектар алма бақтарында өнімділік жоғары. Шаруашылықтарда заманауи технологиялардың қолданылуы сапалы әрі мол өнім алуға мүмкіндік беріп отыр.

Жиналған өнімнің бір бөлігі күнделікті ішкі нарыққа шығарылса, қалған бөлігі заманауи талаптарға сай жабдықталған, сыйымдылығы 15 мың тонналық жеміс-жидек сақтау қоймасына жөнелтілуде.

Ауданда жеміс-жидек шаруашылығын дамыту, алма өндірісінің көлемін арттыру, сондай-ақ, өнімді сақтау және өткізу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі