ТҮРКІСТАННАН БАЯНАУЫЛҒА ТАЙҚАЗАН МАКЕТІ ТАРТУ ЕТІЛДІ
Түркістан қаласы мен Павлодар облысының Баянауыл ауданы арасындағы тарихи-мәдени байланысты нығайту мақсатында Баянауыл төріне Түркістанның символы саналатын қасиетті Тайқазанның макеті орнатылды.
Тайқазан макетінің ашылу салтанатына Түркістан қаласынан арнайы делегация қатысты. Оның құрамында зиялы қауым өкілдері, қалалық және облыстық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің жетекшілері, мәдениет саласының өкілдері мен ғалымдар болды.
Салтанатты іс-шарада Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мадияр Бақтыбайұлы сөз сөйлеп, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының арнайы сәлемін жеткізді. Сондай-ақ қала әкімінің Баянауыл ауданына жолдаған құттықтау хатын оқыды.
Құттықтау хатта Түркістан қаласы мен Баянауыл ауданы арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, тарихи-рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы бастаманың маңызы атап өтілген.
Іс-шара барысында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожин мен Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев Түркістаннан келген делегацияға алғыс білдірді.
Жиында Түркістан ақсақалдары атынан Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Қыдырәлі Рысбеков ақ батасын берді. Ал айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашып, қос өңір арасындағы рухани байланыстың маңызын атап өтті.
Тайқазанның Баянауыл төріне орнатылуы – Түркістан мен Баянауыл арасындағы тарихи-мәдени сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Қасиетті жәдігердің макеті қос өңірдің достығы мен өзара құрметінің символы ретінде Баянауылда орын тепті.