ОТБАСЫ КҮНІ: «ОТБАСЫМ – МАҚТАНЫШЫМ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай «Отбасым – мақтанышым» атты тағылымды кездесу өтті.

Іс-шара «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өнегелі отбасылардың тәжірибесін насихаттауды мақсат етті. Жиында облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова жүргізді.

Кездесу барысында қатысушылар «Салауатты сана» жобасы аясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, «Берекелі шаңырақ – бақытты ұрпақ», «Отбасындағы бақытты кім қалыптастырады?», сондай-ақ «Біз бір-бірімізден не үйрене аламыз?» тақырыптары бойынша ой бөлісті.

Басқосуда Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, полиция майоры Айгерім Жарқынбек, Сауран ауданынан келген өнегелі Әбдірахмановтар отбасы, «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева және психолог Жансая Өміртаева сөз сөйлеп, отбасының қоғамдағы маңызына қатысты мазмұнды пікірлерін ортаға салды.

Кездесу басында қатысушылар «Бақытты отбасы – бұл…» тақтайшасына өздерінің жүрекжарды тілектері мен отбасы бақыты туралы түйінді ойларын жазды.

Іс-шара соңында өнегелі отбасыларға және белсенді қатысушыларға сый-сияпаттар табысталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі