ҮНДІСТАНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Үндістан Республикасының Тамиланд штаты, Ченнай қаласында компанияларды, институттар мен мемлекеттік органдарды біріктіретін «Қазақстан – Үндістан» іскерлік, сауда және инвестициялық форумы өтті. Ауқымды іс-шараға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков бастаған мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, бизнес-қоғамдастықтың және өңірлердің өкілдерінен құралған Қазақстан делегациясы қатысты. Түркістан облысы делегациясын облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек бастап барды.

Іс-шарада Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, екі елдің кәсіпкерлері арасындағы әріптестікті нығайту, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Форум барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек сөз сөйлеп, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің алғысы мен сәлемін жеткізді. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлар мен іскерлік орта өкілдеріне өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстырды.

– Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар өзара құрметке, сенімге және берік тарихи-мәдени байланыстарға негізделген. Бүгінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты даму қарқынына ие. Өзара ынтымақтастықтың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 923 млн АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде, Түркістан облысының үлесі 3 млн АҚШ долларына жетті. Биыл Астана қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдап, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенімдімін. Түркістан – Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ғана емес, сонымен қатар инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптасып отырған қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз үшін ең маңыздысы – қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыру. Түркістан облысы үндістандық инвесторлармен ашық және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайын, – деді ол.

Сондай-ақ, басқосуда Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысыың міндетін атқарушы Қанат Шонбасов облыстың экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Түркістан облысы – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасқан, экономиканың түрлі секторларында даму мүмкіндігі жоғары өңір.

Әлем нарығында уран өндіру бойынша Қазақстан 1 орында және нарықтың 40% қамтамасыз етеді. Ал, Түркістан облысы Қазақстанда уран өндіру және өңдеу бойынша көш бастап тұрған өңір. Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85%-ы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дəлізі арқылы тасымалданады. Түркістан халықаралық əуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушы ағынын қамтамасыз етуге қауқарлы.

Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар жəне дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін Шағын өнеркəсіптік парктер бар. Сондай-ақ, терең өңдеу өндірісі үшін инвесторларды салықтардан, кедендік төлемдерден босатылатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс жасауда.

Үндістанға жұмыс сапары барысында Қазақстан делегациясы Ченнай қаласындағы бірқатар өнеркәсіптік және инновациялық кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, делегация жүк, жолаушылар, құрылыс, тау-кен және арнайы техникаға арналған автоматты трансмиссиялар өндіретін «Allison Transmission India Private Limited» компаниясына барды. Сонымен қатар дәрі-дәрмек өндіру және жеткізу бағытында маманданған «Caplin Point Laboratories Limited» фармацевтикалық компаниясының қызметімен танысты.

Айта кетейік, бизнес-форумға Қазақстан тарапынан 110-нан астам өкіл қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысынан Сайрам ауданындағы күнбағыс майын өндіруші «UMIR.KZ» ЖШС, Ордабасы ауданындағы ауыл шаруашылығы тракторларын құрастыратын «Kazkioti» ЖШС, Сауран ауданында орналасқан «ORZAX» және «WANLIN» компаниялары бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі