ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ
Түркістандағы Азаматтарды қабылдау орталығында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өңір тұрғындарын кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Жеке қабылдауға Түркістан және Кентау қалаларының, сондай-ақ Келес, Бәйдібек, Ордабасы және Мақтаарал аудандарының тұрғындары қатысты.
Азаматтар өздерін толғандырған бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, елді мекендердегі көпірлердің жағдайы, автомобиль жолдарын жөндеу, электр желілері мен қосалқы станция салу, көшелерді жарықтандыру мәселелері айтылды. Сонымен қатар тұрғындар сауда орталығы құрылысына қатысты заңдылық мәселелерін, білім беру саласындағы бірқатар мәселелерді және өңірде әуежай салу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Қабылдау барысында әрбір азаматтың өтініші жеке қаралды. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың талап-тілектерін назарға алып, жауапты тұлғаларға мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Еркебұлан Дауылбаев азаматтардың өтініштерін сапалы әрі уақтылы қараудың маңыздылығын атап өтіп, халықпен тікелей кері байланысты одан әрі күшейту қажеттігін айтты.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізуде. Жеке қабылдауға еӨтініш бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазылуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі