ТҮРКІСТАНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТЕ 9 ҚЫРКҮЙЕК – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 9-қыркүйек – Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне орай жаңадан ашылған саябақта спорттық-танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараға университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал бастаған вице-ректорлар, декандар және оқытушылар мен студенттер қатысты.
Игі бастаманы Спорт факультеті, Спорт сауықтыру орталығы және Түркі халықтарының зияткерлік ойындары (ғылыми-тәжірибелік) орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Басты мақсат – түркі халықтарына ортақ ұлттық зияткерлік ойын тоғызқұмалақты жастар арасында насихаттау және дәріптеу. Сондай-ақ құндылықтарымыз ұлттық ойын мен ұлттық киімді ұлықтау.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар қатысушыларға тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын түсіндірді. Ал тәжірибелі ойыншылар студенттер мен оқытушыларға зияткерлік ойынды үйретті.
Сонымен қатар Түркі әлемі жастары мен оқытушылары да тоғызқұмалақ зияткерлік ойынын ойнау арқылы стратегияны дамыту, қорғана отырып, шабуылдау шеберліктерін меңгерді.
Осылайша, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған университет ұжымы, 9-қыркүйек – Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күнін жоғары деңгейде атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі