«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ТҮРКІСТАНДА ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ТӨРАҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шералы Әділханұлының этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелерімен кездесуі өтті.

Кездесуді Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева ашып, жүргізіп отырды. Жиынға облыстық, аудандық және қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Басқосудың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, этносаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ полиция органдары мен этномәдени бірлестіктер арасындағы өзара байланысты күшейту.

Кездесуде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен орнықтыру, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағыттары сөз болды.

Шералы Әділханұлы өз сөзінде қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде азаматтық қоғам институттарымен, соның ішінде этномәдени бірлестіктермен өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Тараптар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастар тәрбиесі және этносаралық келісімді нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі