ТҮРКІСТАНДА «АСТАНА» САЯБАҒЫ САЛЫНУДА

Түркістан қаласы тағы бір ерекше қоғамдық демалыс орнымен толығады. Қаланың жаңа бөлігінде «Астана» саябағының құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына барып, жұмыстардың барысымен танысты және жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Жаңа саябақ тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға бағытталған. Аумағы 20 гектарды құрайтын нысанда тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру көзделген.

Жоба аясында рәміздер алаңы, жаяу жүргіншілер аллеялары, көгалдандыру аумақтары және демалыс кеңістіктері қарастырылған. Сонымен қатар келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қатты жабындар төселіп, автокөлік тұрағы ұйымдастырылады.

Саябақтың жоспарлы сыйымдылығы – 20 мың адам. Бұл қоғамдық кеңістіктің қала тұрғындары мен қонақтарының демалысын ұйымдастырудағы маңызын арттыра түседі.

Құрылыс алаңын аралау барысында облыс әкімі жұмыстардың сапасына, абаттандыру мен көгалдандыру талаптарының сақталуына, инженерлік инфрақұрылымның тиімді ұйымдастырылуына және белгіленген мерзімдердің орындалуына назар аударды.

Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу, аумақты абаттандыру кезінде заманауи талаптарды сақтау және жобада көзделген жұмыстардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.

«Астана» саябағының құрылысы Түркістан қаласының қоғамдық кеңістіктерін дамытуға, тұрғындардың жайлы демалысына жағдай жасауға және шаһардың көрікті келбетін қалыптастыруға бағытталған.