ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ОТЫРАР ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, АУДАННЫҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Жиында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Өңір басшысы көтерілген мәселелерді тыңдап, тиісті жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар кездесуге келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке тыңдап, қабылдау өткізді.

– Бүгін қазақ өркениетінің алтын діңгегі, киелі Арыстанбаб бабамыз мәңгілік тыныстап жатқан, талай тарихи оқиғаның куәсі болған Отырар өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.

Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. 2026 жылдың 8 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 67,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,6 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,3 млрд теңгеге жетсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,6 млрд теңгені құрады.

Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 28,6 млрд теңгені, сауда көлемі 5,3 млрд теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 26,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,9 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 14,5 мың шаршы метрге жетті.

Ауданда биыл Темір ауылындағы Темір станциясын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 600 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл Балтакөл, Маяқұм және Көксарай ауылдық округтеріндегі 7 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары басталды. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, аудан бойынша газбен қамтылған елді мекендер саны 29-ға жетіп, қамту деңгейі 78,4 пайызды құрайды.

Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Бұдан бөлек, ауданда жол және инфрақұрылым мәселелерін шешуге басымдық берілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 58,5 шақырым болатын 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан бойынша автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 87 пайызға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар 11 елді мекенде балалар ойын алаңдарын салу, 19 елді мекенде көшелерді жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салу жұмыстары қолға алынған. Бір елді мекенде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Кездесуде Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауданның өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар білім беру, автомобиль жолдары, кәріз жүйесі, инженерлік инфрақұрылым, жер қатынастары және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Әрбір мәселе бойынша жауаптар беріліп, тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Кездесуден кейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың өтініштері қаралып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі