МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАННЫҢ ҮШ ПЕДАГОГІНЕ ЖОҒАРЫ НАГРАДА ТАБЫСТАДЫ

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып, ел игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген бір топ педагогке жоғары мемлекеттік наградалар табыстады. Мәртебелі марапатқа Түркістан облысының үш білім саласының өкілі де ие болды.

Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр жалпы білім беретін мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Тагаева Гүлмира Тұрдыбекқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріліп, арнайы төсбелгі табысталды. Бұл – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен шәкірт тәрбиесіне сіңірген еселі еңбегінің жоғары бағасы.

«Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің» оқытушысы, «Агроэкология» бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аханов Дәулетназар Дәулетбаевич «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ғылым мен білімді ұштастыра отырып, техникалық және кәсіптік білім беру саласына үлес қосып жүрген маманның еңбегі осылайша ел деңгейінде еленді.

Сондай-ақ, Алма Қожахметова – Қожа

Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. Ол да «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, білім мен ғылым, өнер саласындағы кәсіби қызметі жоғары бағаланды.

Үш педагогтің мемлекеттік наградаға ие болуы – Түркістан облысы ұстаздарының кәсіби әлеуеті мен білім саласына қосып отырған үлесінің айқын көрінісі. Бұл марапаттар өңірдегі барша педагог қауымының еңбегіне көрсетілген зор құрмет деп білеміз.

Мәртебелі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Ұстаздық жолдағы еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі еселене берсін!