Талғат Ластаев Оңтүстік Африка Республикасының Азаматтық авиация басқармасының (SACAA) басшысы Поппи Хозамен кездесті

Монреаль қаласында ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі 7-ші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Оңтүстік Африка Республикасы Азаматтық авиация басқармасының басшысы Поппи Хозамен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Талғат Ластаев Қазақстанның азаматтық авиация саласында жүргізіліп жатқан, мемлекеттік қадағалауды жетілдіруге және ИКАО стандарттарын енгізуге бағытталған реформалар туралы баяндады.

Вице-министр авиация мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру, «ашық аспан» режимі аясында халықаралық әуе қатынасын кеңейту және Қазақстан әуежайларының инфрақұрылымын дамыту жөнінде хабардар етті.

Сондай-ақ ол ИКАО, Еуропалық комиссия, ИАТА және басқа да халықаралық ұйымдар сияқты әлемдік сала институттарымен жұмыс істеу шеңберінде халықаралық авиациялық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіру үшін Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның авиациялық билік орындарын біріктіретін Еуразиялық азаматтық авиация конференциясының (EACAC) қызметі туралы мәлімдеді.

Өз кезегінде Поппи Хоза Қазақстанның азаматтық авиацияны дамытудағы жетістіктерін жоғары бағалады. Кездесу барысында тараптар авиация кадрларын даярлау, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ынтымақтасуға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.