АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында ықтимал су тасқыны кезеңіне дайындық, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы, сондай-ақ, Қарттар күні мен Мұғалімдер күніне дайындық мәселелері қаралды.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Тілеуберді Мадиев 2027 жылғы кезеңге дайындық барысы туралы баяндады. Жоспарланған жеті инженерлік іс-шараның алтауы орындалды. Қазіргі таңда Қошқар ата өзенінің ұзындығы 4,7 шақырым арнасын күрделі жөндеу жалғасуда. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қаланың даму жоспарына су тасқынына қарсы жеті жоба да енгізілген. Онда Бадам және Сайрамсу өзендерінің арналарын нығайту, Текесу су қоймасы мен каналын жөндеу, Ақсай-Қарабастау каналын қалпына келтіру және Бадам өзенінің арнасын тазарту көзделген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сауле Дүйсенбаева медициналық қызмет көрсету бойынша 174 медициналық ұйыммен шарт жасалғанын хабарлады. Қордың әлеуетті өнім берушілер базасында 240 субъект тіркелген.

Қалада медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу, мониторингілеу және төлеу үдерістерін цифрлық форматқа көшіретін QALQAN цифрлық экожүйесі де енгізілуде. 164 медициналық ұйымда пациенттердің жеке басын анықтау және көрсетілген қызметтерді QR-код арқылы растау құралдары қолданылуда.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қазіргі таңда Шымкентте 105 547 зейнеткер тұратынын мәлімдеді. Қарттар күніне орай 70 жастан асқан 29 841 азаматқа 3 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Жалпы төлем сомасы 387,2 млн теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, қалалық әкімдік басқармалары мен оларға қарасты мекемелер тарапынан 2 мыңға жуық ардагер мен зейнеткердің қатысуымен мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. 1 қазан күні жалғыз тұратын қариялардың үйлеріне барып, сыйлықтар табысталады. Сондай-ақ, бірқатар мекемеде концерттер мен мерекелік кездесулер өтеді.

Білім басқармасының басшысы Қуаныш Искаков 5 қазанда QYZGALDAQ saraiy мәдениет сарайында 2 мыңға жуық адамның қатысуымен «Ұстазға тағзым» атты мерекелік кеш өтетінін хабарлады. Іс-шара барысында білім саласының дамуына үлес қосқан, олимпиадалардың, спорт сайыстарының және басқа да байқаулардың жүлдегерлерін дайындаған педагогтер марапатталады.

Кеңесті қорытындылаған қала әкімі су тасқыны қаупі бар учаскелердегі бақылауды күшейтуді, жоспарланған инженерлік жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды, МӘМС жүйесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ, Қарттар күні мен Мұғалімдер күніне арналған іс-шараларды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.