ШЫМКЕНТТЕ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ
Шымкент қаласында бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастық алдында өткізетін Бірыңғай есеп беру күні өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы №53 бұйрығына сәйкес жыл сайын қыркүйек айының соңғы бейсенбісінде өткізіледі.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысқан жиынның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы міндетті талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ бизнес өкілдерімен ашық диалог орнату.
Кездесу барысында бақылау-қадағалау қызметінің нәтижелері, тексеру кезінде анықталған құқық бұзушылықтардың алдын алу және қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Іс-шарада прокуратура органдары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бақылау-қадағалау органдарының өкілдері және бизнес-қоғамдастық қатысып, өз салалары бойынша баяндама жасады.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің ұсыныстары мен өзекті мәселелерін талқылауға, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.