Антқа адал: "Жауапкершілік қызметтік уақытпен шектелмейді"
Күнделікті қызметінде ол жазасын өтеп жүрген азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне үлес қосады. Отбасында – үш ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен ел тыныштығына қызмет етіп жүрген қайсар жан сын сағатта да жауапкершіліктен таймай, сауда үйіндегі адамдарды эвакуациялап, жалынды өз қолымен ауыздықтады.
Ш. Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай академиясын қызыл дипломмен тәмамдаған Сандуғаш Ереулиева қылмыстық-атқару жүйесін саналы түрде таңдағанын айтады.
– Бұл саланы таңдауыма заң талаптарының сақталуына және сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне үлес қосуға деген ұмтылысым себеп болды, – дейді ол.
Бүгінде Сандуғаш Ереулиева Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы қызметін атқарады. Ол сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастырып, олардың еңбек жағдайлары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды. Қызметтік міндетіне байланысты түзеу мекемелеріне тұрақты түрде барып, сотталғандармен тікелей жұмыс істейді.
ҚАЖ жүйесіндегі қызмет темірдей тәртіппен бірге үлкен сабыр мен психологиялық төзімділікті қажет етеді. Мұндағы әр шешімнің артында адам тағдыры тұр. Сандуғаштың айтуынша, қызметтің ең ауыр тұсы да – осы психологиялық және моральдық жауапкершілік.
– Бұл сала мені сабырлы болуға, төзімділік танытуға және әр шешіміме жауапкершілікпен қарауға үйретті. Еңбек жолымның алғашқы кезеңінде сотталғандармен тікелей жұмыс істеуге және тұрақсыз жұмыс кестесіне бейімделуге тура келді, – дейді ол.
Үш ұл тәрбиелеп отырған Сандуғаш Ереулиева қызмет пен отбасы алдындағы жауапкершілікті қатар алып жүр. Бұл жолда оған әкесі мен жақын туыстары қолдау көрсетеді.
Сандуғаштың байсалдылығы мен көпжылдық тәжірибесі 2026 жылғы 31 мамырда тағы бір сыннан өтті. Оқиға оның туған күніне тұспа-тұс келген. Жексенбі күні сауда үйіне жеке шаруасымен барған ол бутиктердің бірінен шыққан түтін иісін алғашқылардың бірі болып сезеді.
Көп ұзамай электр қалқанының тұтанғаны белгілі болды. Түтінді байқаған адамдар арасында дүрбелең басталғанда, Сандуғаш бірден келушілер мен қызметкерлерді сыртқа шығаруға кірісті. Тиісті қызметтерге хабар беріп, үй-жайды электр желісінен ажыратқаннан кейін өрт сөндіргішті қолға алды.
Алғашқы өрт сөндіргіш жалынды толық ауыздықтауға жетпеді. Сонда Сандуғаш екінші өрт сөндіргішті алып, әрекетін жалғастырды.
– Іштей ең қауіпті әрі қорқынышты сәт бірінші өрт сөндіргіш құрал таусылып қалғанда болды. Ештеңеге қарамастан тоқтап қалуға болмайтынын түсіндім. Екінші өрт сөндіргішті алып, адамдардың қауіпсіздігі үшін жалынды сөндіруді жалғастырдым, – дейді ол.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін жалын ауыздықталды. Оның әрі қарай таралуына жол берілмей, адам өмірі мен сауда үйіндегі мүлікке төнген қауіптің беті қайтарылды.
Сандуғаш сол сәтте көпжылдық қызмет тәжірибесі мен академияда алған білімі көмектескенін айтады. Сандуғаш Ереулиева үшін сол күнгі әрекет – жылдар бойы қалыптасқан қызметтік ұстанымының көрінісі.
– Менің түсінігімде, антқа адал болу қызметтік уақытпен шектелмейді. Бұл – кез келген жағдайда, қызметтен тыс уақытта да азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын болу, – дейді ол.