Астанада мектеп оқушысы 100 кітап оқып, 100 өлең жазған
Астана қаласының №101 жалпы орта мектебінің 11 ә сынып оқушы Орал Рамазан Даниярұлы мектептегі сабағын шығармашылықпен ұштастырып жүрген жас өрен. Бүгінде ол 100 көркем әдебиет кітабын оқып, 200 өлеңді жатқа біледі және 100 авторлық өлең жазған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Рамазанның әдебиетке деген қызығушылығы оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Ол оқыған шығармаларын талдап, өлең жазып, көркем сөзбен жұмыс істейді. Жеке өлеңдер дәптерін жүргізетін жас автор «Қобыланды батыр» жырын да жатқа біледі.
Жас оқырманның әдебиет саласындағы жетістіктері де аз емес. Ол республикалық «Ілияс Жансүгіров оқуларының» қалалық кезеңінде «Ілияс – қарасөз шебері» бағыты бойынша Бас жүлде иеленіп, республикалық кезеңде III орын алған. Қалалық «Махамбет Өтемісұлы оқуларында» I орын, Абайдың 45 қара сөзін жатқа айту жарысында II орын, Мұқағали Мақатаевтың мерейтойына арналған ақындар сайысында II орын иеленген.
Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев туралы өлең шығару мүшәйрасында II орын алып, «Құтты білім» оқуларының «Сыр сандық» шешендік өнер номинациясында I дәрежелі дипломмен марапатталған. «Абай оқулары», «Ыбырай Алтынсарин оқулары» және басқа да әдеби-шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болған.
Рамазанның қызығушылығы кітаппен шектелмейді. Жасөспірім журналистика саласына да ерте қадам басқан.
Ол «Жас журналист – 2026» байқауына қатысып, интервью және мақала бағыттарында шығармашылық жұмыстарымен көзге түсті. «Айбала» медиафестивалі аясындағы «Жас журналист» байқауында подкаст номинациясы бойынша II орын иеленді.
Рамазанның шығармашылыққа деген қызығушылығы отбасындағы ортамен де сабақтас. Әкесі мен анасы – журналистер. Отбасымен бірге «Әке – отбасы тірегі» қалалық байқауына қатысып, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды насихаттағаны үшін «Шебер отбасы» номинациясымен марапатталған. Бүгінде жас өрен қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, ағылшын тілін жетілдіріп келеді.
Ал оның болашаққа қойған мақсаты да ауқымды. Рамазан актерлік өнерді кәсіби деңгейде меңгеріп, журналистика мен шығармашылықты қатар дамытқысы келеді. Ең басты арманы – халықаралық кино индустриясында Қазақстанның атынан өнер көрсету.100 кітап оқып, 100 өлең жазып, түрлі спорт пен өнерді қатар меңгеріп жүрген жасөспірімнің бүгінгі ізденісі – үлкен арманға бастар алғашқы қадамдардың бірі. Ең бастысы, ол өз мүмкіндігін бір ғана бағытпен шектемей, оқиды, ізденеді, жазады, өнер көрсетеді және жаңа нәрсені үйренуге ұмтылады.