«Кітап оқыған адамның ойлау қабілеті ерекше болады»: 7 мыңға жуық кітап оқыған елордалық зейнеткер жастарға ақыл-кеңесін айтты
Кітапты серік еткен аға буын өкілдері Астанада бас қосып, әдебиеттің адам өміріндегі орны туралы ой бөлісті. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы кездесуде қариялар өздерінің кітап оқуға қалай қызыққаны, сүйікті шығармалары және жинаған кітап қорлары туралы әңгімелеп, кейінгі ұрпақты да кітаппен дос болуға шақырды, деп хабарлайды елорда әкіміһдігінің ресми сайты.
Осы бағытта ұзақ жыл бойы кітап оқуды насихаттап жүрген – Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Алданыш Нұрпейісов. Ол кітапты бала кезінен өмірінің бір бөлігіне айналдырғанын айтады.
«Біздің «Ұлағат» атты әдеби-шығармашылық ұйымымыз бар. Онда қазақтың Алаш зиялылары мен жазушыларының өмірі мен шығармашылығын насихаттауды көздейміз. Өзім бала күнімнен өскен жерімдегі кітапхананың кітаптарын тауыса оқыдым. Оның өмірімде өте көп пайдасы болды. Кітап – тәрбиеші. Кітап – білім. Кітапта адамға қажетті дүниенің бәрі бар. Қазір де кітап оқуды тоқтатқан емеспін. Өзімнен кейінгі ұрпаққа да кітап оқуды насихаттауды жалғастыра беремін», – деді Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Алданыш Нұрпейісов.
Кітапқа деген құрметті іс жүзінде көрсетіп жүрген тағы бір жан – Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Мәлика Нұралиева. Оның жеке қорында бірнеше мың кітап жинақталған. Ол бұл кітаптарды тек өзінде сақтап қоймай, кейінгі буынға қолжетімді етуге тырысады.
«Менің қорымдағы 6-7 мың кітапты толық оқыдым деп айта аламын. Кітап оқитын қауымдастықтарға балаларымды да жіберемін. Олар да кітап оқып, өз болмысын қалыптастырып жатыр. Жиған-терген кітаптарымды мектептер мен жоғары оқу орындарына да табыстадым. Кітап оқыған адамның зейіні мен ойлау қабілеті ерекше болады. Сондықтан кітап оқуды бәріміз қолға алуымыз керек», – деді ол.
Аға буын өкілдері үшін кітапқа деген қызығушылықтың қалыптасуында отбасының да орны ерекше. Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Райхан Жұмәліқызы бала кезінен отбасында кітап оқылып, шығармалар талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша, жақындарының өнегесі әдебиетке деген қызығушылығын арттырған.
«Менің бала кезімнен отбасым кітап оқуға, шығармаларды талқылауға бейім болды. Ағамның тәрбиесі менің кітапқа деген қызығушылығымды оятты. «Абай жолының» біздің тарихымыз бен танымымызда шоқтығы биік. Оны әрбір қазақ оқуы тиіс. Мен де оны оқудан жалықпаймын. Астана қаласында кітап оқитын жастар көп. Бізді сол қуантады», – деді Райхан Жұмәліқызы.
Кездесуде кітаптың тек көркем шығарма ғана емес, тарихи жадыны сақтайтын құндылық екені де сөз болды. Бұл ретте Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Баймағамбетова сирек жазба мұраларды көпшілікке таныстыру жұмыстары туралы айтып берді.
«Бұл жазбалар – факсимиле нұсқалар. Түпнұсқалардың барлығы сақталған. Оларды көшпелі көрме ретінде алып жүреміз. Көрмеге Қарахан түркі қағанаты кезеңінен Қазақ хандығына дейінгі құнды жазбалар, сондай-ақ 1929 жылдан бастап төте, латын және кирилл жазуларындағы мұралар қойылған», – деді Анар Баймағамбетова.
Жалпы, аға буын өкілдерінің әңгімесінен кітаптың адам өміріндегі бірнеше маңызды қызметін көруге болады. Бірі оны тәрбие мен білімнің көзі десе, енді бірі ойлау қабілетін дамытатын құрал ретінде бағалайды. Ал сирек кітаптар мен қолжазбалар ұлттың тарихи жадын сақтаудың маңызды тетігі саналады.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастарды әдебиетке жақындатуға мүмкіндік береді. Өмірін кітап оқуға арнаған аға буынның тәжірибесі кейінгі ұрпаққа кітаптың құндылығын түсіндірумен қатар, ұлттық әдебиет пен тарихи мұраға деген қызығушылықты арттыруға жол ашады.