Ақтөбе облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар саны азайған
Ақтөбе облысы 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылықтар санының төмендеуі тіркелген өңірлердің қатарына енді.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.
Жалпы республика бойынша бұл көрсеткіш 6,9%-ға төмендеген. Оң динамика Ақтөбемен қатар, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында да байқалады.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың азаюы – құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тәуекел факторларын ерте анықтауға және жасөспірімдерге дер кезінде қолдау көрсетуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, профилактика жүйесін жетілдіруде. Өңірлерде мониторинг жүргізіліп, білім беру ұйымдарындағы алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруға басымдық берілуде.
2026–2027 оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық бағыттағы міндетті оқу курстары енгізілді. 5–7 сынып оқушыларына арналған «Конституция негіздері» курсы азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге бағытталған. Ал 8–11 сынып оқушылары «Заң және тәртіп» курсын оқиды.
Аталған пәндер оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.
Басты міндет – құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, әрбір жасөспірімнің өзін дамытуына, қажетті қолдау алуына және дұрыс өмірлік таңдау жасауына жағдай жасау.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында жалғасады.