ҚР Парламенті Мәжілісі » публикация №20318
Мәжілісте Көкжиде құмды массивінің жерасты суларын зерттеу нәтижелері талқыланды Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен Көкжиде құмды массиві аумағындағы геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер мәселелері бойынша тақырыптық отырыс өтті. Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин Көкжиде тұщы жерасты суының стратегиялық көзі, еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды мәнге ие екенін атап өтті. Бұл ретте мұнай өндіру объектілерінің жақын орналасуы ұзақ жылдан бері жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып келеді. Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Дулат Калитов баяндама жасады. Ол 2024–2025 жылдары жүргізілген кешенді зерттеулер нәтижесін ұсынды. Ғалымның мәліметінше, жұмыс шеңберінде геоэкологиялық түсірілім, ұңғымаларды бұрғылау, жерасты суларының химиялық анализі, геофильтрациялық және геомиграциялық модельдеу жасалды. Жалпы алғанда 1280 зертханалық анализ жүргізілген, оның ішінде жерасты суларының 361 сынамасы зерттелген. Массив аумағында жерасты суларының мұнай өнімдерімен жүйелі түрде ластануы анықталмады. Талқылау барысында депутаттар Көкжиде жерасты су кен орнын игерудің болашағы, мұнай қалдықтарының жерасты суларына тигізетін қауіп-қатері, ластану учаскелерінің қоршаған ортаға әсері, сондай-ақ су алу шекаралары мен санитарлық қорғау аймақтары заңнамалық тұрғыда бекітілгенге дейін массив аумағын мұнай өндіру инфрақұрылымының кеңеюінен қорғау шаралары туралы сұрақтар қойды. Өз кезегінде Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Бауыржан Смағұлов аумақты одан әрі игеру бойынша шешімдер қабылдау кезінде тұщы судың стратегиялық қорын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша комитет Су ресурстары және ирригация министрлігіне Көкжиде кен орнынан су алу көлемін қорлардың табиғи толықтырылу деңгейімен шектеуді, жерасты суларын қорғау мақсатымен санитарлық қорғау аймақтары шегінде жер қойнауын пайдалануды шектеу бөлігінде заңнаманы жетілдіруді және жерасты сулары мен көмірсутектерді экологиялық қауіпсіз игеру үшін тұрақты мониторинг тетігін қалыптастыруды ұсынды. Толығырақ mazhilis.parlam.kz сайтында 📱Instagram 📱Facebook 📱YouTube 📱TikTok 📱 Telegram
#новости · #kz · #политика · #telegram · #государство





























